Білім жаңалықтары

Жаңалықтар легі - елдегі білім саласының хабарлары

01.10.2025 | 67

Бекишевтер династиясы: 800 жылға жуық ұстаздық тәжірибе мен мамандыққа адалдық

Бекишевтер династиясы: 800 жылға жуық ұстаздық тәжірибе мен мамандыққа адалдық

Батысқазақстандық мұғалімдер Бекишевтер әулетінің 800 жылға жуық педагогикалық өтілі төртінші ұрпаққа жалғасып келеді. Бұл педагогтер династиясының 32 мүшесі қазіргі уақытта ұстаздық қызметте. Олар – бірнеше буын шәкірттерді тәрбиелеп, жас педагогтер үшін өнегеге айналған үлгілі әулет.

Ұстаздар династиясының тарихы 1938 жылы алғашқы болып білім саласына қадам басқан Сағынғали Бекишевтен басталады. Сол уақыттан бері бұл әулеттен тараған ұрпақ 87 жыл бойына ұстаздық жолда адал қызмет етіп, мыңдаған шәкіртке сапалы білім мен тағылымды тәрбие беріп келеді.

Сағынғали Бекишевтің үлкен ұлы Жасталап Бекишев химия және биология пәнінің мұғалімі, Котельников орта мектебінің директоры болып зейнет жасына дейін қызмет етсе, екінші ұлы Жасұлан Бекишев физикадан сабақ беріп, кейіннен Кожевников орта мектебінің директоры қызметін атқарған. Әулеттің келіні Самал Дошанова болса қазіргі таңда Ақжайық ауданы Алмалы жалпы орта білім беретін мектебінің білікті басшысы.

Олардың балалары да отбасылық дәстүрді жалғастырып, екінші ұрпақ буынындағы педагогтер ретінде білім беру ісіне қызмет етіп келеді. Ата жолын жалғаған Гүлмира Бекишева Батыс Қазақстан индустриалдық колледжінде ағылшын тілі пәнінің тәжірибелі оқытушысы. Ал Бекишева Айгүл мен Сағынғалиева Мәншүк Алмалы жалпы орта білім беретін мектебінде білікті ұстаздар.

Сағынғали Бекишевтің шөберелері Ақбота Максимқызы Астана қаласында Ы. Алтынсарин атындағы BINOM мектебінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, Айкен Болатқызы А.Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институты «Қазақ тілі және әдебиеті» мамандығын тәмәмдап, ұстаздық жолға жолдама алды.

Осылайша, ұстаздықты ұлы мұрат санап, ұрпақ тәрбиесіне белсене атсалысып келе жатқан бұл әулеттің жалпы педагогикалық еңбек өтілі 790 жылды құрайды.

Остались вопросы? Напишите в службу поддержки