Білім жаңалықтары
01.10.2025 | 49
Мемлекет басшысы білім беру саласына жасанды интеллектіні кеңінен енгізу барысында оның қауіп-қатерлерін қаперден шығармауды ескертті
Мемлекет басшысы білім беру саласына жасанды интеллектіні кеңінен енгізу барысында оның қауіп-қатерлерін қаперден шығармауды ескертті
– Ең алдымен, бұл жерде жасанды интеллектіні теріс пиғылда пайдалану секілді этикалық мәселелер сөз болып отыр. Нейрожелі берген жауапқа сеніп, оқушылар сыни пайымдау, іздену және сараптау қабілетінен айырылып қалуы мүмкін. ЖИ білім беру үдерісін жетілдіруге тиіс, бірақ оның іргелі негізін алмастырмауы керек. Сондықтан Үкімет академиялық адалдықты қамтамасыз ету бағытында кешенді шаралар қабылдауы қажет, – деді Президент.
Президент еңбек нарығы күн өткен сайын өзгеріп жатқанын атап өтті.
– Көптеген кәсіп иелерінің жұмысын енді автоматты жүйе атқаратын болады. Мұндай үрдіс қазірдің өзінде жүріп жатыр. Бұл бірқатар мамандықтың ескіруіне, яғни көптеген адамның жұмыссыз қалуына әкеп соқтырады. Бұл – аса өзекті мәселе. Осы жұмысты қазірден бастап қолға алмасақ, мұндай үрдістің әлеуметтік салдары ауыр болады. Жұмыссыздық белең алып, тұрмыс сапасы төмендеп, әлеуметтік теңсіздік күшеюі мүмкін. Бірақ бұл жерде де жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға болады. Мәселен, ақылды технологиялар қызметкерлердің мықты не әлсіз тұстарын айқындап, кәсіби шеберлігін дамыту үшін нақты ұсыныстар бере алады. Мамандарды қайта даярлауға және біліктілігін арттыруға кең мүмкіндік жасап, күні бұрын әрекет етуге тиіспіз. Бұл ретте тым үлкен қайта даярлау орталықтарын құруға бюджеттен миллиондаған қаржы шығындаудың қажеті жоқ. Жасанды интеллектінің әлеуетін сауатты қолдана білген жөн. Біздің міндетіміз – жұмыссыз қалудың алдында тұрған миллиондаған адамға жаңа мүмкіндік беру. Басқаша айтсақ, жасанды интеллектінің орасан зор әлеуетін жаңа жұмыс орындарын ашуға, адам капиталын күшейтіп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын арттыруға пайдалану керек. Үкіметке жасанды интеллект негізінде әзірленген ұлттық онлайн-платформаны іске қосуды тапсырамын. Сол арқылы жұмыссыз қалған мамандарды болашақта сұранысқа ие болатын кәсіпке бейімдеу қажет, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, біздің цифрлық стратегиямызда ұлт мүддесі басты орында тұратынын жеткізді.
– Шын мәнінде, негізгі мәселе жасанды интеллект қана емес. Ең бастысы – елдің егемендігі, ұрпақтың болашағы. Үкімет бүгін айтылған ұсыныстың бәрін мұқият қарастырады. Сөз соңында бір мәселені атап өткім келеді. Жасанды интеллект – цифрлық экономиканың негізгі қозғаушы күші. Сондықтан Кеңестің келесі отырысын осы тақырыпқа арнауды ұсынамын, – деді Мемлекет басшысы.